Мектебіміздің түлегі Жахман Рыскелді
ӨМІРБАЯН
Жахман Рыскелді Сәрсенұлы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылында 1996 жылдың 19 қазанында дүниеге келген.
2014-2018 жылдар аралығында «Болашақ» университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2015-2016 жылдары республикалық қоғамдық-саяси танымдық апталық «Алаш жолы» газетінде бастаған.
2016-2020 жылға дейін республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінде тілші болып жұмыс істеген.
2020-2022 жылдары Halyqline.kz сайтының ақпарат агенттігінің редакторы болды. 2022 жылдан бастап «Халық» газеті бас редакторының орынбасары-жауапты хатшысы және І.Қабылов атындағы №12 IT-мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді.
Ол – ақын, педагог, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Рыскелді Сәрсенұлы – облыстық, аудандық (Мақтанышым, айбарым, желбіре көк байрағым!, 2017 ж, Шындық – Тәңір, 2019 ж) жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Өлеңдері Сыр ақындарының антологиясына («Сыр сандық» кітабы), республикалық басылымдарда жарық көрген. Сондай-ақ, журналистер арасында ұйымдастырылған түрлі байқауларда жоғары жетістіктерге (Республикалық (тоғызқұмалақ, футбол), Qazforum-2020: Қазақ интернетінде контент жасаушылардың IV форумы, т.б.) жетіп жүр. Облыс әкімінің, қала, аудан әкімдерінің, басқарма басшыларының алғыс хатын иеленген. Атап айтқанда, байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған «Қанатты қалам – 2019» байқауында «Спорт жаршысы» номинациясымен марапатталса, Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Ең үздік спорт журналисі» номинациясына ие болды.
